Референдум-2026

Астанада мас күйде көлік басқарған 18 жүргізуші ұсталды – ВИДЕО

Бүгін, 09:47
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада мас күйде көлік басқарған 18 жүргізуші ұсталды – ВИДЕО
Фото: Оңалхан Өнерхан

Демалыс күндері елордалық полиция күшейтілген режимде қызмет атқарды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында мас күйде көлік басқаратын жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Үш күндік рейд барысында полиция қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың 18 дерегін анықтады. Әрбір құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Мас күйде көлік басқарғаны үшін жүргізушіге әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру жазасы қарастырылған», - делінген хабарламада.

Ұсталғандардың арасында бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер де болды.

Мәселен, Иманов көшесінде полиция қызметкерлері 46 жастағы ер адамның басқаруындағы Kia K5 автокөлігін тоқтатты.

Құдайбердіұлы көшесінде Hyundai автокөлігін басқарған 35 жастағы жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ Мұқанов көшесінде полицейлер 35 жастағы ер адамның басқаруындағы Audi автокөлігін тоқтатты. Үш жағдайда да медициналық куәландыру жүргізушілердің алкогольдік масаң күйде болғанын растады.

Құқық бұзушылар уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөліктері коммуналдық айып тұрағына қойылды.

Тексеру барысында аталған үш жүргізушінің де бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Әрбір дерек бойынша көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның алкогольдік масаң күйде көлік басқару фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отыру арқылы адам өз өмірін ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын да саналы түрде қауіпке тігетінін ескертеді.

Еске сала кетейік, Астанада рейд барысында қорқор шеккендер мен түнде қараусыз жүрген жасөспірімдер анықталды.