Астанада колледж студенттеріне арналған 938 орындық жаңа жатақхана ашылды

Астанада колледж студенттеріне арналған 938 орындық жаңа жатақхана ашылды
Фото: Астана әкімдігі

«Наурызнаманың» он күндігі аясында бүгінгі Шаңырақ күнінде елордада колледж студенттеріне арналған 938 орындық жаңа жатақхананың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа ғимарат пайдалануға берілгенге дейін елордада 16 колледж жанында 18 жатақхана жұмыс істеген (оның ішінде 5 мемлекеттік, 11 жекеменшік). Бұл жатақханаларда 2301 студент тұрған, ал орын тапшылығы шамамен 1300 төсек-орынды құраған.

Бейбітшілік көшесінде орналасқан жаңа жатақхананың құрылысы 2025 жылдың қаңтарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басталған.

Жатақхана 938 орынға есептелген. Сонымен қатар мұнда студенттердің бастамалары, стартаптары мен қолданбалы жобаларын дамытуға арналған акселерация орталығы қарастырылған.

Ашылу салтанатында елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жобаның маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін біз жай ғана жаңа жатақхананы ашып отырған жоқпыз, жастардың өмір сүруі мен дамуына арналған жайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастырып отырмыз. Бұл – елордамызда қолжетімді әрі сапалы білім беруді қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

Бұл оқиғаның Наурыз мейрамы күндерімен тұспа-тұс келуі де символдық мәнге ие. Жатақхана сіздер үшін тек тұратын орын емес, жаңа достар тауып, идеяларыңызды жүзеге асыратын, болашақтарыңызды қалыптастыратын орта болсын.

Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Ал студенттерге оқуда табыс, жарқын жетістіктер және жарқын болашақ тілеймін», – деді ол.

Жаңа жатақхана заманауи талаптарға толық сай. Әр бөлмеде 5 орын, жеке санитарлық торап қарастырылған. Қабаттарда қыздар мен ұлдарға арналған бөлек асхана аймақтары бар.

Студенттердің жан-жақты дамуы үшін ғимаратта спорт залы, хореография залы және кітапхана жұмыс істейді.

Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген: жатақханада Face ID жүйесі енгізілген және бейнебақылаудың орталықтандырылған бақылау пункті жұмыс істейді.

Сонымен қатар ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімделген, кедергісіз орта мен арнайы бөлмелер қарастырылған.

Жатақханада тұру құны айына 22,5 мың теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл баға студенттердің басым бөлігі үшін қолжетімді.

Жобаның іске асуы колледж студенттері үшін орын тапшылығын едәуір азайтып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жаңа нысан оқу және студенттік өмірдің дамуына қосымша серпін береді.

Бұған дейін Астанада тағы да екі Оқушылар сарайы салынатынын жазған едік.