Астанада Кәрім Мыңбаевтың 120 жылдығына арналған конференция өтті

Астанада Кәрім Мыңбаевтың 120 жылдығына арналған конференция өтті
Фото: Астана қаласының Әдістемелік орталығы

Елордада Қазақстан ғылымы мен білім беру саласының көрнекті өкілі, академик Кәрім Мыңбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізуге қалалық Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мұрындық болды. Мақсаты — Кәрім Мыңбаевтың идеяларын насихаттау, пәнаралық ғылымды, білім алушылармен педагогтердің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, жаратылыстану-ғылыми және гуманитарлық бағыттағы педагогтердің өзара  тәжірибе алмасу. Қатысушылар білім алушылар мен педагогтердің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылым мен білімнің өзекті мәселелері талқыланды.

«Конференция — ұлттық ғылым тарихындағы  тұлғалардың ғылыми мұрасын зерделеуге, олардың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін жас ұрпақ санасына жеткізуге бағытталған маңызды алаң. Кәрім Мыңбаев — отандық биология және ауыл шаруашылығы ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан, қазақ ғылымының іргетасын қалаушылардың бірі. Оның ғылыми қызметі терең ізденіспен, кәсіби жауапкершілікпен және мемлекет мүддесіне адал қызмет етумен ерекшеленеді. Ғалымның өмір жолы — бүгінгі педагогтер мен жас зерттеушілер үшін табандылықтың, ғылымға адалдықтың және отансүйгіштіктің айқын үлгісі», -  деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Зейнеп Мақсұтова.

 «Инновациялар мен сабақтастық: Кәрім Мыңбаевтың ғылыми идеялары заманауи контексте» деген тақырыппен өткен конференцияға ғалымның немересі, қарындасы, Мыңбаевтанушы ғалымдар және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық педагогтер қатысты. Мұнда  ғалымның ғылымға, ел дамуына сіңірген еңбегі жан-жақты талданып, оның тұлғалық болмысы, азаматтық ұстанымы мен ғылыми мұрасы кеңінен насихатталды.

Төрт секция бойынша  өткен конференцияда зерттеуші педагогтер өз баяндамаларын ұсынып, ғылыми пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.  Әсіресе, жас зерттеушілердің Кәрім Мыңбаев еңбектеріне сүйене отырып жасаған ғылыми ізденістері мен ой-тұжырымдары көпшілікке үлкен әсер қалдырды.