Астанада IVY-2026 халықаралық волонтерлер жылын өткізу мәселелері талқыланды
Астанада ТМД елдері волонтерлерінің алғашқы форумы қарсаңында БҰҰ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылын (IVY-2026) өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің IV отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жиынға Ұлттық ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің және Ұлттық волонтерлік желінің өкілдері қатысты.
«Отырыста IVY-2026 аясындағы ұлттық жоспар мен халықаралық бастамалардың іске асырылу барысы қорытындыланды. Қатысушылар атқарылған жұмыстардың нәтижелерін саралап, волонтерлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын қарастырды», - делінген хабарламада.
Қазақстанның БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен бірлескен жұмысы да сөз болды. Бүгінде әлемнің 60 елінде IVY-2026 ұлттық үйлестірушілері тағайындалғаны айтылды. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды. Құжат волонтерлікті ұзақ мерзімді қолдау мен дамыту жүйесін қалыптастыруға, мемлекет пен волонтерлер қауымдастығы арасындағы байланысты жетілдіруге және волонтерлік қозғалыстың институционалдық негізін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Жиында Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытудағы рөлі аталып өтті. Волонтерлік бастамаларды үйлестіру, ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету және азаматтарды волонтерлік қызметке кеңінен тарту мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің жұмысындағы алдағы басым бағыттар айқындалды.
Еске салсақ, «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова Астана волонтерлерін бүгінде қаланың кез келген жерінен кездестіруге болатынын айтқан еді.