Астанада «Еуразия 3» СОО-да келушілермен экспромт-кездесу өтті

Бүгін, 14:13
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада «Еуразия 3» СОО-да келушілермен экспромт-кездесу өтті
Фото: Жалпыұлттық коалицияның қалалық штабы

Елордадағы «Еуразия 3» сауда-ойын-сауық орталығында келушілермен экспромт-кездесу өтті. Іс-шара «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында тұрғындармен жаңа Конституциялық реформалардың маңызы мен негізгі бағыттары туралы ашық пікір алмасу өтті. Іс-шараға Amanat партиясының өкілі Адина Идрисова және партияның белсенді мүшесі Мөлдір Бегленбетова қатысып, сауда орталығының келушілеріне ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндірді.

Спикерлер өз сөздерінде жаңа Конституциялық реформалардың басты мақсаты - Қазақстанда әділетті әрі прогрессивті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және халықтың мемлекеттік басқару процестеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту екенін атап өтті.

Кездесу барысында сауда орталығының келушілері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, елдегі саяси жаңғыру, қоғамдық даму және азаматтық қоғамды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен іс-шара қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, қоғамдағы маңызды өзгерістер туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты — тұрғындарға конституциялық реформалардың мазмұнын кеңінен түсіндіру, азаматтардың пікірін тыңдау және ел дамуына қатысты қоғамдық диалогты күшейту.