Астанада «Болашақ ойындары-2026» бәсекесінің іріктеу кезеңі өтті
Бүгін Phygital basketball спортынан қалалық іріктеудің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2024 жылы Ресейдің Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарына» ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, келесі жарысты Қазақстанда ұйымдастыруға ниетті екенін айтып еді. Нәтижесінде биыл шілде айының соңында 100-ден астам елдің 2 мыңға жуық киберспортшысы елордада бас қоспақшы.
Бүгін сол айтулы додаға ел ішінде іріктеу кезеңі басталып кетті. Sana Sport орталығында 6 баскетбол командасы бас қосып, республикалық бәсекеге қатысуға мүмкіндік беретін жалғыз жолдаманы сарапқа салды.
«Болашақ ойындарын» Қазақстан алғаш рет қабылдайын деп жатса да, біз үшін таныс ойын түрі. «Астана» кәсіпқой баскетбол клубы 2024 жылы алғаш рет Қазан қаласында сынға түсіп, тәжірибе жинаған. Ал 2025 жылы Дубайда қола жүлдені жеңіп алды. Биыл өз жеріміздегі бәсекеде көздеген мақсатымыз биік. Алдағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтеміз деген ниеттеміз» - деді «Астана» баскетбол федерациясының бас хатшысы Азамат Қабдылкәрімов.

Ереже бойынша, әр командадағы 2 баскетболшы алдымен Sony PlayStation-да есеп 19-ға жеткенше, мықтыны анықтайды. Ары қарай ойын алаңда ұласып, 10 минутта жеңімпаз белгілі болады.
«Ел ішінде жылдан жылға киберспорт қарқынды дамып келеді. Биыл іріктеу кезеңіне жаңадан командалардың қатысып отыруы соның айқын дәлелі. Тартысты ойындар көп болды. Басында баскетбол мен киберойынды бірге алып жүру ыңғайсыз еді. Уақыт өте келе, үйрендік. Енді республикалық деңгейде де үздік шығамыз деген сенімдеміз. Ел ішінде Алматы қаласы басты қарсылас ретінде саналады», - деп «Астана» баскетбол клубының капитаны Руслан Айтқалиев пікір білдірді.

Жарыс қорытындысы бойынша, «Астана» баскетбол клубы финалда GTB Black командасынан 36:32 есебімен басым түсті.
Енді Қазақстан Республикасының финалдық ойындары 14-15 наурыз күндері «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.
Айта кетейік, «Games of the Future 2026» турнирі 2026 жылдың шілдеде Астанада ұйымдастырылады.