Астанада азаматтық қоғамды дамытуға арналған жаңа бастамалар ұсынылды
Астана қаласының азаматтық қоғамын дамыту стратегиясын жаңарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың бірқатар кездесулері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
AU HUB алаңында диалогтық платформа аясында ҮЕҰ-ның негізгі офлайн кездесуі өтті. Кездесулер сериясының бастамашысы – «Астана қаласының ҮЕҰ Альянсы» ЗТБ төрайымы Аяжан Өтеуова. Іс-шаралар Азаматтық бастамалар орталығымен (АБО) бірлесіп ұйымдастырылуда.
6-15 ақпан аралығында жастар ҮЕҰ-лары, қоғамдық белсенділер, сарапшылар, еріктілер және қала тұрғындарының қатысуымен алты консультациялық сессия ұйымдастырылды. Кездесулер сериясы 27 ақпанда ҮЕҰ күніне орай өтетін қорытынды іс-шарамен аяқталады.
Астана қаласының ҮЕҰ Альянсы төрайымы Аяжан Өтеуова атап өткендей, қазіргі таңда сектор институционалдық тұрғыдан нығаю кезеңінде:
«Бірігу мен консолидациясыз сектор жүйелі түрде шешімдерге ықпал етіп, азаматтық қоғамның мүддесін қорғай алмайды. Бүгінгі міндет – бытыраңқы белсенділіктен тұрақты диалог пен институционалдық өзара іс-қимыл тетіктеріне көшу».
Кездесулер барысында секторды дамытудың стратегиялық бағыттары, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия құру, ҮЕҰ цифрлық платформасын іске қосу, еріктілікті дамыту және ашық есептілік құралдарын енгізу мәселелері талқылануда.
«Консалтингтік зерттеулер орталығы» ҚБ директоры Әсел Суанқұлова диалог алаңының маңыздылығын атап өтті:
«Мұндай кездесулер – жай ғана талқылау емес. Бұл сектор болашағы үшін ұжымдық жауапкершілікті қалыптастыру. Ортақ мақсат төңірегінде бірігу ҮЕҰ-дың келіссөз жүргізу мүмкіндігін күшейтіп, жүйелі шешімдер қабылдауға жол ашады».
Оның айтуынша, консолидация – азаматтық қоғамның тұрақтылығының негізгі факторы.
«Белсенді Азамат» ҚБ төрағасы Гамал Түзелбаев та күш біріктіру қажеттігін атап өтті:
«Бүгін ресурстар үшін бәсекелестіктен серіктестікке көшу маңызды. Консолидация секторға бір дауыспен сөйлеуге және шешім қабылдау процесінің толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндік береді».
Негізгі мәселелердің бірі – азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі комиссия құру болды.
«Комиссия білім беру, әлеуметтік сала, жастар саясаты сияқты әртүрлі бағыт өкілдерін біріктіретін жұмыс механизміне айналуы тиіс. Әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру мәселелерінде салааралық өзара іс-қимыл қажет», - деді «Өнерпаз ұрпақ» ҚҚ жетекшісі Зиуар Жұманова.
Комиссия ҮЕҰ-дан ашық түрде ұсыныстар жинау арқылы, бағыттар бойынша өкілдік қағидатымен және міндетті жария есептілік негізінде құрылмақ.
«Шаңырақ» қауымдастығы жанындағы «Ана мектебі» ҚҚ өкілі Чинара Мамбеталиева қоғамдық кеңестердің тиімділігі мен коммуникация мәселесін көтерді:
«ҮЕҰ, қоғамдық кеңестер және тұрғындар арасындағы түсінікті әрі тұрақты коммуникацияны жолға қою қажет. Кері байланыссыз сенім туралы айту қиын».
GR Hub өкілі Айжан Хамитова стратегиялық көзқарастың маңыздылығын атап өтті:
«Бірігу тек жобалар төңірегінде емес, ортақ миссия негізінде құрылуы тиіс. Сектордың құндылықтық негізін айқындап, жүйелі түрде алға жылжу маңызды».
Есептілік пен зерттеулер мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Бизнестегі әйелдер» қауымдастығының өкілі Жанаргүл Күлмағамбетова атап өтті:
«Секторға тұрақты зерттеулер мен жария аналитика қажет. Біз өз үлесімізді өлшеп, деректерді жариялап, ашықтық мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл сенімді арттырып, ҮЕҰ ықпалын күшейтеді».
ҮЕҰ жағдайын жүйелі зерттеу бастамасы қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
BasQary қоғамдық қорының өкілі Марғұлан Ермағанбетұлы ҮЕҰ ақпараттық қатысуын күшейтуді ұсынды:
«Ұйымдардың нақты тарихтарын, нәтижелері мен кейстерін айту маңызды. Подкасттар, телеграм-арна сияқты медиаформаттар азаматтық белсенділікті танымал ету құралына айнала алады».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесулердің мақсаты – формалды іс-шара өткізу емес, өзара іс-қимылдың тұрақты архитектурасын қалыптастыру.
Астана қаласының ҮЕҰ Альянсы серіктестік, ашықтық және жүйелі даму қағидаттарына негізделген біріктіруші алаң ретінде ұсынылады.