Астанада «Ауыл» партиясында жаңа Конституция жобасы талқыланды
Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция аясында сарапшылар мен азаматтық белсенділер бас қосып, жаңа Конституция жобасын және демократиялық институттарды дамыту бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу «Конституциялық жоба саяси партиялар мен азаматтық бірлестіктердің көзқарасы тұрғысынан демократиялық институттарды одан әрі дамыту жолындағы ортақ міндеттер, басымдықтар және өзара іс-қимыл тетіктері» тақырыбында өтті. Іс-шараның мақсаты – конституциялық жобаны жан-жақты талқылау, азаматтық қоғамның ортақ ұстанымын қалыптастыру және 15 наурызда өтетін жаңа Конституция бойынша референдумды қолдауға бағытталған бірыңғай позицияны айқындау.

Жиынды «Ауыл» партиясының Астана қаласы бойынша өңірлік филиалы аппаратының басшысы Мейрам Мұқышев ашты. Ол жаңа Конституция жобасы саяси жүйені жаңғыртуға, әділетті қоғам құруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.
«Ауыл» партиясы Жалпыұлттық коалицияның құрамына кіру туралы шешімді ел болашағына бейжай қарамайтын саяси күш ретінде қабылдады. Біздің ойымызша, жаңа Конституция жобасы – мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, әділетті қоғам құруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат.
Біз бұл реформаларды елдің ұзақ мерзімді дамуына серпін береді деп санаймыз. Сондықтан «Ауыл» партиясы ұсынылған өзгерістерді толық қолдайды және оларды халыққа жан-жақты түсіндіруді өз міндеті деп біледі.
Партия депутаттары мен өңірлердегі белсенді топтар мекемелерде, еңбек ұжымдарында, ауыл-аймақтарда кездесулер өткізіп, азаматтардың пікірін тыңдап, сауалдарына жауап беріп жатыр», - деді Мейрам Мұқышев.

Саясаттанушылар Дина Айкенова мен Еламан Елемес реформалардың табысты жүзеге асуы үшін азаматтық қоғамның белсенділігі мен қоғамдық диалогтың маңызы зор екенін жеткізді.
«Қазақстан ауқымды өзгерістер мен түбегейлі бетбұрыстар алдында тұр. Еліміз жаңа кезеңге қадам басқалы отыр.
Жаңа Конституцияда «Заң мен тәртіп» қағидатының айқын көрініс табуы – құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Әр азаматтың құқығы қорғалатын, заң бәріне бірдей қызмет ететін әділетті қоғам қалыптастыру – басты мақсат.
Сондай-ақ Адал азамат ұстанымы қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін арттыруға, еңбекқорлық пен әділдікті дәріптеуге жол ашады. Ал «Таза Қазақстан» идеясы тек экологиялық бастама ғана емес, ол – ойдың, ниеттің, мемлекеттік басқарудың тазалығын білдіретін кең ауқымды құндылық.
Біз бұл құндылықтар жаңа Конституцияда нақты тетіктер арқылы бекітіліп, ел дамуының берік іргетасына айналады деп сенеміз. Конституциялық өзгерістер – мемлекетті жаңғыртудың, билік пен қоғам арасындағы сенімді арттырудың маңызды кезеңі.
Сондықтан әрбір азамат талқылау процесіне белсенді қатысып, ел болашағына қатысты тарихи шешімге өз үлесін қосуы тиіс деп есептейміз», - деді Еламан Елемес.

Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, конституциялық өзгерістерді түсіндіру және қоғамдық қолдауды арттыру бағытындағы алдағы жұмыстарды талқылады.
