«Астана Тазалықта» студенттер ақы төленетін өндірістік тәжірибеден өтіп жүр
Елордада коммуналдық салаға маман даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілді. «Астана Тазалық» ЖШС колледж студенттерін ақы төленетін өндірістік тәжірибеден өткізіп, жастарды нақты еңбекке бейімдеуге басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысы Жолдауында өндіріс пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға, жастарды қолдауға және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауға ерекше назар аударған болатын. Осы бағытта «Астана Тазалық» мекемесі де жүйелі жұмысты жүргізіп келеді.

Мекеме басшылығының айтуынша, негізгі мақсат – теория мен тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттыру.
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті.
«Біз колледждермен меморандум жасап, практикант қабылдап жатырмыз. Жастар осы саланың заманауи әрі цифрландырылған жүйе екенін көруі керек. Болашақта бұл салаға қызығушылық артады деп ойлаймын. Біз үшін негізгі басымдықтың бірі – өндіріс пен колледж арасындағы байланысты нығайтып, теория мен тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз ету. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі ел дамуына үлес қосатын білікті маман», – деді Альберт Есалиев.

Осы мақсатта 2025 жылы елордадағы Кәсіптік-техникалық колледжбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Құжат аясында студенттерге мекемеде ақылы өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі берілді. Былтыр 5 практикант тәжірибеден өтіп, әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде төлем жасалса, биыл бұл көрсеткіш 7 студентке дейін артқан.
Өндірістік тәжірибе барысында студенттер арнайы техникалардың жұмысымен танысып, коммуналдық саладағы еңбек процесін іс жүзінде меңгереді.

«Астана Тазалық» кәсіпорнындағы жөндеу жүргізу цехының шебері Нұржан Нұрсейітов практиканттардың жұмысқа бейімділігі жақсы екенін айтты.
«Практиканттар жақсы үйреніп жатыр. Айтқанымызды екі етпей орындайды. Біраз нәрсені меңгеріп қалды. Бізде, әсіресе, қыста техникалар жиі бұзылады. Қатты аязда техникалардың кей бөлшектері сыр беруі мүмкін. Сондықтан бұл салада тәжірибе өте маңызды», – деді ол.

Ал практикадан өтіп жүрген студенттердің бірі Әлібек Еркінов болашақта осы салада еңбек еткісі келетінін жеткізді.
«Мақсатым – алда осы жерде жұмыс істеу. Грейдермен жұмыс істегім келеді. Мұндағы ұжым ұнады, техникалар көп. Адамдардың еңбекқорлығы әсер етті. Осы тәжірибеден кейін қала тазалығына деген көзқарасымыз өзгерді. Өзіміз қоқыс тастамайтын болдық, достарымызға да айтып жүреміз», – деді Әлібек.
Тағы бір практикант, жол құрылысы машинисі мамандығы бойынша білім алып жүрген 3 курс студенті Ералхан Батырбек өндірістік тәжірибенің өздері үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналғанын айтты.
«Практикадан өтіп жүргенімізге үшінші ай болды. Осы уақыт ішінде техникалардың жұмыс істеу тәртібін, коммуналдық саладағы еңбек процесін жақынырақ таныдық. Көп нәрсе үйреніп жатырмыз. Теория жүзінде оқығанымызды іс жүзінде көрудің пайдасы зор екен. Мұндағы мамандар бізге бағыт-бағдар беріп, барынша үйретіп жатыр», – деді Ералхан.

Мекеме өкілдерінің сөзінше, мұндай бастамалар жастарға нақты тәжірибе беріп қана қоймай, коммуналдық салаға жаңа мамандар тартуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.