03.12.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Астана Опера» Бейжіңде өткен форумда Қазақстанның тәжірибесін таныстырды

|
Photo: «Астана Опера» театрынан
«Астана Опера» Бейжіңде өткен форумда Қазақстанның тәжірибесін таныстырды
Фото: «Астана Опера» театрынан

«Астана Опера» Бейжіңде өткен форумда Қазақстанның тәжірибесін таныстырды

|

Бейжіңде 2025 жылғы Халықаралық симфониялық музыка форумы аяқталды. Дүниежүзілік театр альянсының негізгі шараларының бірі жыл сайын академиялық сахнаның жетекші мамандарын біріктіреді. Биыл Ұлттық орындаушылық өнер орталығында 30 ел мен өңірлерден 190-нан астам шығармашылық ұжымның 300-ден аса өкілі бас қосты. Олардың арасында «Астана Опера» маңызды рөл атқарды. Театрдың қатысуы симфониялық өнердің келешегі жайлы халықаралық диалогқа қосылған елеулі үлес болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен театрды «Астана Опера» дирижері Элмар Бөрібаев пен симфониялық оркестр директоры Геннадий Аникушин таныстырды. Олардың «Халық күйі Қазақстанның симфониялық музыкасына ұлттық дәстүрді біріктіру формасы ретінде» тақырыбына арналған баяндамасы форум қатысушыларының айтарлықтай қызығушылығын туғызды. Қазақстандық тарап дала дәстүрлерінің рухы да, академиялық еуропалық мектеп те естілетін жаңа дыбыстауды қалыптастыра отырып, ұлттық екпін мен ырғақ қалай симфониялық негізге үйлесімді өрілетінін көрсетті.

Спикерлер бүгінде Қазақстанның симфониялық музыкасы бірегей көркемдік қоспа екенін атап өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы болған симфониялық күй әлдеқашан жанр шеңберінен шығып, мәдени феноменге айналды. Ол халық әуенін, оркестрлік реңк пен батыс еуропалық формаларды үйлесімді біріктіріп, дәстүр мен бүгінгі заман, Шығыс пен Батыс, ауызша әрі жазбаша мұра арасындағы байланыстырушы буын болды. XX-XXI ғасырлардағы қазақстандық композиторлардың шығармашылығы ұлттық өнер өзінің түп-тамыры мен рухани тереңдігін жоғалтпай-ақ бірегей симфония тілінде сөйлей алатынын сенімді түрде көрсетіп берді.

«Астана Опера» өкілдерінің баяндамасы форумның үш күндік бағдарламасының анағұрлым ауқымды мазмұнымен сай келді. Онда жас аудиторияны тарту, симфониялық музыканы жазу мен таратудың инновациялық әдістерін дамыту, түрлі елдердің академиялық дәстүрлеріндегі ұлттық элементтердің рөлі, сондай-ақ жас музыканттардың келешегі сынды мәселелер талқыланды.

Көптеген мейман мен театрлық-симфониялық орта өкілдерінің арасында Лондондағы «Филармония» оркестрінің атқарушы директоры Торбен Диттес, Бавария мемлекеттік операсының бас директоры Серж Дорни, Джульярд мектебінің құрметті президенті әрі Тяньцзиньдегі Джульярд мектебі директорлар кеңесінің төрағасы Джозеф Полиси мен тағы басқалары болды.

Еске сала кетейік, 2019 жылдан бері Бейжің дүниежүзілік симфониялық форумы сала көшбасшылары кездесіп, әлемдік симфониялық сахнаның заманауи даму үрдістерін қалыптастыратын алаңға айналды. Осынау ауқымды оқиғаға Қазақстанның, «Астана Опера» театрының қатысуы еліміздің жаһандық музыкалық кеңістіктегі дамушы рөлін атап көрсетті.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗