«Астана нағыз спорт орталығына айналды»: Ерасыл Қажыбаев елордалықтарды Жаңа жылмен құттықтады
Белгілі спортшы, дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі, «Қазақстан барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы, 2025 жылғы турнирдің күміс белбеу иегері Ерасыл Қажыбаев Elordainfo.kz тілшісіне 2025 жылғы жаңалықтары мен 2026 жылғы жоспары туралы айтты.
«2025 жыл мен үшін кәсіби тұрғыда үлкен серпіліс пен тәжірибе жинаған кезең болды. Жауапкершілік артып, жаңа міндеттер жүктелді. Сонымен қатар өз ісімде өсуге, шеберлігімді жетілдіруге нақты мүмкіндік алдым. Осы жыл маған тәртіп, тұрақтылық және сенім берді», - деді Ерасыл Қажыбаев.
Сонымен қатар ол биыл Астанада көптеген ауқымды спорттық іс-шаралар өткенін атап өтті.
«Астана – қозғалысқа толы, жеңіске ұмтылған, дамуда тоқтамайтын қала. Биыл Астана қаласында спорт саласында ауқымды әрі маңызды іс-шаралар көп өтті. Халықаралық, республикалық деңгейдегі турнирлер, жарыстар мен спорттық жобалар елордамыздың спорттағы беделін айқын көрсетті. Заманауи спорт нысандарының көбейгені, бұқаралық спорттың дамуы және жастардың спортқа деген қызығушылығының артуы Астананың нағыз спорт орталығына айналып келе жатқанын дәлелдеді деп ойлаймын», - деді спортшы.
Сондай-ақ Ерасыл Қажыбаев келер жылғы жоспарын да айтып өтті.
«2026 жылы алға қойған басты мақсатым – кәсіби деңгейімді одан әрі көтеру. Жаңа жобаларға қатысу және өз саламда нақты нәтижелерге қол жеткізу. 2026 жылы олимпиадалық рейтинг ашылады. 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін олимпиадаға жолдама алу үшін дзюдодан ұлттық құрама мүшесі ретінде сол рейтингте жақсы ұпай жинауға тырысамыз. Сонымен қатар қоғамға пайдалы бастамаларға атсалысып, жастарға үлгі болатын істер жасасақ деген ниетіміз бар. Ең басты мақсаттарымыздың бірі – халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғау», - деді «Қазақстан барысы». – «Астана тұрғындарына жаңа жылда зор денсаулық, отбасы амандығын, береке мен табыс тілеймін. Әр шаңырақта қуаныш, әр жүректе үміт болсын. Қаламыз көркейіп, ел бірлігі нығая берсін. Жаңа жыл баршаңызға жақсылық әкелсін».
Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Жанқалдыбек Төленбаев пен әнші, композитор Медет Салықовтың 2025 жылғы жарқын сәттері туралы жазған едік.