Астанада көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрттен алты адам құтқарылды
Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданындағы Күлтегін көшесінде орналасқан он қабатты тұрғын үйдегі өртті сөндірді. Өрт кезінде 6 адам құтқарылды, оның үшеуі автосатының көмегімен эвакуацияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына бірінші жеткен алғашқы бөлімшелер подъезді қою түтін басқанын көрген. Өрт сөндіру оқпандары жедел беріліп, өртті толық сөндіру үшін барлық шаралар қабылданды.

Сонымен қатар, тұрғындар эвакуацияланды. ТЖМ күштері автосатының көмегімен 3 адамды құтқарды, олардың екеуі бала. Сондай-ақ құтқару маскасын қолдана отырып 3 адам эвакуацияланды, оның біреуі бала.

Кейін нақтыланған мәлімет бойынша, электр қалқаны шахтасында шыққан жалын бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейін таралған.
ТЖМ күштері «Аңсар» тұрғын үйінде шыққан өртті сөндірді. Қазір сарапшылар оқыс оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Еске сала кетсек, таяуда Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты.