«Астана Балет» театры маусымды «Алтын гүл» премьерасымен қорытындылайды
26-27 маусым күндері «Астана Балет» театрының сахнасында «Алтын гүл» балетінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Аталмыш қойылым театрдың шығармашылық маусымын қорытындылайтын маңызды мәдени оқиғалардың бірі болмақ.
Балеттің идеясы б.з.д. III-II ғасырларға жататын Теңлік қорғандарынан табылған, қызғалдақ бейнесі бедерленген алтын пластина негізінде дүниеге келген. Қойылымның либреттосын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков жазған.
Премьера ұлттық құндылықтарды дәріптеп, адам мен табиғаттың үйлесімін, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын көркем тілмен бейнелейді.
Қойылымның басты кейіпкері – дала қызғалдағының сұлулығынан шабыт алған зергер. Оның өмір жолы арқылы атадан балаға жалғасқан дәстүр, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық мұраға адалдық идеялары көрініс табады. Балетке арналған музыканы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Ғайсин жазған.
Спектакльдің қоюшы-хореографы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мұқарам Әбубахриева. Ал кейіпкерлердің сахналық бейнесін суретші Әйгерім Алтыбасарова әзірлеген костюмдер толықтыра түседі.
«Алтын гүл» қойылымында классикалық балет, неоклассика және заманауи би элементтері үйлесім тапқан. Спектакль бас дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік ететін симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.