Астана әуежайында өрт дабылы жүйесі жаңартылады
Астана халықаралық әуежайы Терминал 1 ғимаратында автоматты өрт дабылы жүйесін жаңарту және баптау жұмыстары жүргізілетінін хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, техникалық жұмыстар бүгін сағат 09:30-13:00 және 14:00-18:00 аралығында өтеді.
«Жұмыстарды жүргізу барысында жабдықтарды жүктеу және баптау процесіне байланысты автоматты өрт дабылы жүйесі қысқа уақытқа жалған сигнал беруі мүмкін. Осыған байланысты жолаушылардан, әуежай қызметкерлері мен жалға алушылардан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, аталған ақпаратты ескерулері сұралады», делінген хабарламада.
Сондай-ақ уақытша қолайсыздықтар үшін әуежай әкімшілігі кешірім сұрады.
Еске салсақ, елордадан Ларнакаға ұшатын маусымдық рейстер ашылды.