Полиция «Астана АЭК» АҚ қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар туралы ескертеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елордада полиция онлайн-алаяқтық фактілерінің өсуіне байланысты азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады. Белгісіз тұлғалар өздерін энергиямен жабдықтаушы компания қызметкерлері ретінде таныстырып, есептегіш құралдарды ауыстыру сылтауымен 1414 нөмірінен келетін SMS-кодты айтуды талап етеді. Жекелеген жағдайларда азаматтарды ақшаларын «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді.
Полиция «Астана АЭК» АҚ тұтынушылардан растау кодтарын, парольдерді, жеке деректерді сұрамайтынын және құпия ақпаратты беруді талап етіп телефон шалмайтынын ескертеді. Мұндай әрекеттер – азаматтардың қаражатын жымқыруға бағытталған алаяқтық схема.
«Бөгде адамдарға ешқашан SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін айтпаңыз, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ақша аудармаңыз. Күдік тудыратын қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, «102» нөмірі арқылы полицияға жүгіну қажет», - деп ескертеді полиция.