Ақмола облысының гидтері оқытылды: өңірге 1,8 млн турист келуі мүмкін

Ақмола облысының гидтері оқытылды: өңірге 1,8 млн турист келуі мүмкін
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысында өңірдің туризм басқармасы ұйымдастырған гид-экскурсоводтарға арналған екі күндік оқыту семинары өтті. Іс-шараға Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ақкөл аудандарынан және Астана қаласынан 70-тен астам гид-экскурсовод қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семинарды гидтер одағының президенті, Қазақстан бойынша 29 экскурсияның авторы Салтанат Абжанова жүргізді.

Семинар аясында қатысушылар мамандықтың негізгі дағдыларын талқылады. Яғни экскурсия жүргізу техникасы, аудиториямен жұмыс істеу әдістері, Ақмола облысының өлкетануы, сөйлеу мәдениеті және экскурсияға қатысушылардың тәртіп ережелері туралы сөз болды.

Айта кетейік, 2025 жылы Ақмола облысына келген туристер саны 1,5 миллионнан асса, биылғы маусымда 1,8 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде.

Бұдан бұрын шетелдік баспасөздің елорда туризмі туралы не жазып жатқанына шолу жасаған болатынбыз.