Ақмола облысында полицейлер 6-қабаттан секірмек болған қызды құтқарып қалды

Ақмола облысында полицейлер 6-қабаттан секірмек болған қызды құтқарып қалды
Фото: ІІМ

Степногорск қаласында полиция қызметкерлері қайғылы жағдайдың алдын алып, жас қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сағат 06:45 шамасында тәртіп сақшылары Ерсайын Ақсарин мен Батырхан Шәкірден құралған патрульдік полиция экипажына тұрғындардан көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы балконда жанжал болып жатқаны және қыздың қауіпті жағдайда тұрғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлеріне кезекші учаскелік полиция инспекторы Айбек Жамбылов қосылды. Алтыншы қабатқа көтерілген тәртіп сақшылары балкон қоршауында тұрған қыздың секіруге әрекеттеніп жатқанын байқаған.

Жағдайдың күрделілігін түсінген полицейлер шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті. Айбек Жамбылов қызбен сөйлесіп, оның назарын басқа жаққа аударуға және психологиялық байланыс орнатуға тырысқан. Осы сәтті пайдаланған Ерсайын Ақсарин өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан қызды ұстап қалып, қауіпсіз жерге шығарып алды.

Құтқару сәті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Оқиғадан кейін қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға жеке қарым-қатынасқа байланысты жанжал себеп болуы мүмкін.

«Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметіндегі жауапкершілік пен кәсібиліктің, сондай-ақ адам өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлық әрекеттің жарқын үлгісі болды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Астанада түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылғанын жаздық.