Ақмола облысында дәрігерлер трактордың астына түскен науқастың өмірін сақтап қалды

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақмола облысында дәрігерлер трактордың астына түскен науқастың өмірін сақтап қалды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Бірнеше күн бұрын Ақмола облысы Жақсы ауданының Новокиенка ауылында қайғылы жағдай орын алып, жұмысшы трактордың астына түсіп қалды. Политравма диагнозымен өте ауыр халдегі зардап шегуші жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді. Ондағы дәрігерлер науқасқа күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Пациент түскен сәттен бастап әрбір минут есепте болды. Ер адамның жағдайы өміріне қауіпті деп бағаланды. Жансақтау бөлімінде дереу диагностика жүргізіліп, шұғыл шаралар басталды. Хирургтер ішкі қатты қан кетуді тоқтатып, бауырды тікті. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін плевра қуысына дренаж орнатылды. Сонымен қатар, сыртқы бекіту аппаратының көмегімен жамбас сүйектері тұрақтандырылды», - делінген хабаоламада. 

Дәрігерлердің айтуынша, осындай жедел әрекеттердің арқасында пациентті критикалық күйден шығарып, жағдайын бірқалыпты ұстау мүмкін болды. Алайда жарақаттардың ауырлығы келесі, бұдан да күрделі кезеңді — жамбас сүйектерін толық реконструкциялауды талап етті.

Әдетте мұндай күрделілік деңгейіндегі оталар тек облыстық орталықтарда немесе республикалық институттарда жасалады. Бірақ пациенттің жағдайы шұғыл көмекті дәл сол жерде көрсетуді қажет етті.

Травматология институтының мамандарымен телемедицина арқылы өткізілген консилиумнан кейін, Жақсы ауруханасының дәрігерлері батыл шешім қабылдады: қашықтықтан кураторлық бақылау арқылы отаны өздері жасауға бел байлады.

«Бұл күрделі ота аудан тарихында тұңғыш рет жасалды. Бес маманнан тұратын бригада 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шықты. Бұл жоғары шеберлік пен зор жауапкершілікті талап ететін өте нәзік жұмыс болды», - делінген хабарламада. 

Бүгінгі таңда дәрігерлердің нағыз керемет ота жасағанын айтуға болады. Пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежеде деп бағалануда. Ең бастысы - ер адамның қимыл-қозғалыс белсенділігі қалпына келді.

Қайғылы жағдайдың алдын алу медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының, заманауи телемедицина технологияларының және аудандық дәрігерлердің ең қиын сәтте жауапкершілікті өз мойнына алуға дайындығының арқасында мүмкін болды. Бұл оқиға сапалы және жоғары технологиялық медициналық көмектің облыстың шалғай аудандарында да қолжетімді болып жатқанының тағы бір дәлелі.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жаңа балалар травматологиялық пунктінің ашылғаны туралы жаздық.