«Барап» балалардың спорт-сауықтыру орталығында қауіпсіздік сабағы өтті
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Ақмола облысындағы «Барап» балалардың спорт-сауықтыру орталығында жазғы каникул кезеңіндегі қауіпсіз мінез-құлыққа арналған профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара Ақкөл ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Кездесудің модераторы ретінде «Барап» балалар спорт-сауықтыру орталығының әдіскер-нұсқаушысы О.А. Ибрагим сөз сөйлеп, қатысушыларды таныстырды.
Кездесуде Ақкөл ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Б.С. Бейсенов пен учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны А.А. Джанабаев балалармен ашық әңгіме жүргізді.

Іс-шараға Астана қаласынан демалысқа келген 200 бала қатысты.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін, жол қозғалысы қағидаларын және қоғамдық орындардағы тәртіп нормаларын түсіндірді. Сонымен қатар бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде сақ болудың маңыздылығына тоқталды.
Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен жан-жақты жауап алды.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар балаларға қауіпсіз әрі қызықты демалыс тілеп, қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау олардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті.

Еске салсақ, елордада жол қауіпсіздігі шаралары күшейтілді.