Елордада жол қауіпсіздігі шаралары күшейтілді
Елорда аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және апаттылық деңгейін төмендетуге бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараның төрт күні ішінде полиция қызметкерлері Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1 800-ден астам дерегін анықтады.
Атап айтқанда, көлік құралын мас күйінде басқарған 20 жүргізуші ұсталды, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланудың 16 фактісі анықталды, көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғалардың көлік жүргізуіне байланысты 66 дерек тіркелді, автокөлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушілердің көлік басқаруы бойынша 9 факт анықталды.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жолдарда барынша мұқият болуға, Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимін бұзбауға, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және көлікті мас күйінде басқаруға жол бермеуге шақырады.
Осы қарапайым талаптарды сақтау жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада бес көлікке соқтығысып, оқиға орнынан қашқан жүргізуші 30 тәулікке қамалғаны туралы жаздық.