Астанада бес көлікке соқтығысып, оқиға орнынан қашқан жүргізуші 30 тәулікке қамалды
Астанада жол жиегінде тұрған бес автокөлікке соқтығысып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 4 шілде күні сағат 02:50 шамасында Тілендиев көшесіндегі №36 үйдің қарсысында болған.
«ГАЗель» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынан бұрын айырылғанына және жүргізуші куәлігін мүлде алмағанына қарамастан, жол жиегінде тұрған бес автокөлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны қысқа уақыт ішінде ұстады.
Сот шешімімен құқық бұзушыға 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды.
Астана қаласының Полиция департаменті көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның рөлге отыруы және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы заңнаманы өрескел бұзу болып саналатынын еске салды. Сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін заңда көзделген жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Еске салсақ, Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырды.