Судағы қауіпсіздік: ІІМ балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды
Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 69 бала қаза тапқан.
- Құрметті ата-аналар! Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді.
Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін, бірден суық суға түспеңіздер.
Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2 700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды.
Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар! - деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Еске салсақ, Астанада су айдындарындағы қауіпсіздік шараcы күшейтілді.