Анас Баққожаев: Аға буынның құндылықтарды сақтаудағы маңызды рөлін мойындау керек

Анас Баққожаев: Аға буынның құндылықтарды сақтаудағы маңызды рөлін мойындау керек
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев желідегі парақшасында талқыланып жатқан Конституция жобасына қатысты бір ойын көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутат Конституция жобасының талқылауы ашық өтіп жатқаны қуантататын жеткізді. Ол 130 адам бас қосқан жиында дайындалған материал сапалы болады деген сенімін білдірді.

«Менің де бір сондай ойым бар. Соңғы кездері жасы үлкен адамды сыйлау дегенді ұмытып бара жатқандаймыз. Тым демократияшыл жастар ата-әжелері тұрмақ ата-аналарына сөз қайтарып жатқанын көргенде жағаңды ұстайсың. Сонымен қатар қайтыс болып кеткен адамдардың, әсіресе Қазақстанға еңбегі сіңген азаматтардың артынан жаман сөйлеу кең етек алып жатыр. Өлгеннің де адал аты болады. Сондықтан да Конституцияға осындай екі сөйлем қосып қоюға болатын да шығар. Мүмкін қателесіп тұрған болармын. Түзеп жіберерсіздер»,  деп жазды Анас Баққожаев.

Мәжіліс депутатының негізгі құжатқа берген ұсынысы аға буынның құндылықтарды сақтаудағы маңызды рөліне қатысты.

«Мемлекет аға буынның қоғам үшін рухани, мәдени және тарихи құндылықтарды сақтаудағы маңызды рөлін мойындайды және оларды құрметтейді. Ұрпақтар арасындағы байланысты сақтайды және үлкендерді сыйлау мәдениетін дамытады.

Мемлекет ерекше ғылыми, тарихи немесе қоғамдық маңызы бар жағдайларды қоспағанда, өмірден өткен адамдардың рухы мен абыройының қорғалуын қамтамасыз етеді», делінген жазбада.

Еске салсақ, бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтетінін хабарладық.