«Алдағы күндері қар көшкіні жүру ықтималдығы жоғары»: ТЖМ бірнеше өңірдегі қауіп туралы ескертті
Төтенше жағдайлар министрлігі тауларда қар көшкіні қаупі күшейгенін ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында қар жамылғысының биіктігі қалыпты деңгейден жоғары. Ал Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар жамылғысы қалыпты деңгейде.
«Еліміздің осы өңірлерінде күннің жылынуы, қар жаууы, жауын-шашын, боран және ауа температурасының ауытқуы таудағы қар жамылғысының тұрақсыздығына себеп болады, ал алдағы күндері қар көшкіні өздігінен жүру ықтималдығы жоғары», делінген ескертуде.
ТЖМ көшкін туралы ескерту жарияланған кезеңде таулы аймақтарға бармауға, тауға шығардан бұрын ауа райы болжамын қарауды ұсынды. Саяхат кезінде алдын ала маршрутты жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде жүрмеуге, белгіленген жолдардан шықпауға, қар көшкіні қауіпті учаскелер туралы соңғы ақпаратты алу мен қауіпті беткейлерден аулақ болуға кеңес береді.
Көп қар жауған жағдайда тауға шығуды қар қалыңдығы тұрақталғанға дейін 2–3 күнге шегеру ұсынылады.
Еске салсақ, «Қазселденқорғау» мамандары көшкін қауіпі бар учаскелерді зерттеу үшін мониторинг жүргізгенін хабарладық.