Алаяқтар Telegram аккаунтын иемденіп кету үшін қолдау қызметінің атынан хабарласа бастады

Алаяқтар Telegram аккаунтын иемденіп кету үшін қолдау қызметінің атынан хабарласа бастады
Фото: magnific.com

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы Telegram аккаунттарына бұзып кірудің жаңа схемасы пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, алаяқтар пайдаланушыларға Telegram-ның ресми қолдау қызметі атынан жалған хабарлама жібереді. Мұндай хабарламада аккаунтты жою туралы сұрау салу келіп түскені, ал оны болдырмау үшін шұғыл түрде арнайы батырманы басу қажет екені көрсетіледі.

Әдетте алаяқтар пайдаланушыны уақытпен шектеп, аккаунтты жоюды тек 24 сағат ішінде ғана тоқтатуға болатынын хабарлайды. Сондай-ақ көрсетілген мерзім өткеннен кейін аккаунт, хат алмасулар, файлдар мен контактілер қайтарымсыз жойылатыны туралы ескертеді. Іс жүзінде, бұл схема психологиялық қысым жасауға негізделген: алаяқтар пайдаланушының аккаунтқа қолжетімділікті жоғалтып алу қорқынышын пайдаланып, оны асығыс әрекет жасауға итермелейді. Батырманы басқаннан кейін пайдаланушы Telegram-ботқа немесе жалған парақшаға бағытталады. Ол жерде SMS арқылы немесе мессенджерден келген растау кодын енгізу сұралады.

Іс жүзінде аккаунтты жоюды болдырмайтын ешқандай рәсім жоқ. Кодты енгізу арқылы пайдаланушы алаяқтарға өз аккаунтына қолжетімділікті өз қолымен береді.

Есте сақтаңыз, Telegram-ның ресми қолдау қызметі ешқашан пайдаланушыдан үшінші тарап боттары немесе күмәнді сілтемелер арқылы растау кодын, құпиясөзді немесе аккаунтқа кіруге қажетті өзге де деректерді сұрамайды.

Аккаунтты бақылауға алғаннан кейін алаяқтар хат-хабарларды оқуға, жеке деректерге қолжетімділік, аккаунт иесінің атынан хабарлама жіберуге, контакттылардан ақша аударуды сұрауға, аккаунтты басқа алаяқтық шабуылдар үшін пайдалануға мүмкіндік алады.

Алаяқтық хабарламаның негізгі белгілері:
- жіберуші өзін қолдау қызметінің өкілі ретінде таныстырады, бірақ ресми расталған мәртебесі жоқ;
- хабарламада шұғыл түрде сілтеме арқылы өтуді немесе ботты пайдалануды талап етеді;
- пайдаланушыдан SMS немесе Telegram арқылы келген растау кодын енгізуді сұрайды;
- аккаунтты жоғалту қаупі мен асығыстық сезімін қалыптастырады;
- хабарлама жіберушінің аккаунты жақында құрылған, атауын өзгерткен немесе күмәнді белгілері бар;
- мәтінде оғаш тұжырымдар, қателер немесе күмәнді сілтемелер кездеседі.

Аккаунтты қорғау үшін келесі іс-шаралар ұсынылады:
- растау коды мен құпиясөзді ешкімге хабарламаңыз;
- күмәнді хабарламадағы сілтемеге өтпеңіз;
- Telegram деректерін бөгде парақшаларда немесе боттарда енгізбеңіз;
- қосымшаның баптауында екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз;
- «Құрылғылар» бөліміндегі белсенді сеанстарды тұрақты түрде тексеріңіз;
- белгісіз немесе күмәнді қосылымдарды аяқтаңыз;
- ақпаратты тек Telegram-ның ресми арналарынан және баптауларынан алыңыз.

Еске салсақ, Instagram арқылы алаяқтық жасаған Қарағанды облысының тұрғыны рақымшылықтан айырылғаы туралы хабарладық.