АИТВ-мәртебені білудің маңызы неде?
Көптеген адамдар: «Егер мен есірткі қолданбасам және жыныстық серіктесім көп болмаса, онда АИТВ - менің мәселем емес» деп ойлайды.
Адамдар бұл ауруға қатысты өз қауіптерін жиі төмен бағалайды. Сондықтан осы мәселені тағы бір рет қарап шығуды ұсынамыз.
АИТВ (адам иммунтапшылығы вирусы) адамдарды жасы, жынысы, ұлты, білімі немесе әлеуметтік мәртебесіне қарай бөлмейді. Бұл инфекция бір рет болса да, презерватив қолдануды ұмытып кеткен, «сенімді» жыныстық серіктесі бір рет болса да, опасыздық жасаған, тіпті татуировка салдыру немесе пирсинг жасату кезінде АИТВ жұғуы мүмкін екенін ойламаған кез келген адамның шындығына айналуы мүмкін. Сондай-ақ бұл ауру туралы жеткілікті білмейтін кез келген адам үшін де қауіп бар.
АИТВ-инфекциясының таралуы әлемдік деңгейдегі мәселе болып қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бағалауы бойынша, Қазақстан эпидемияның шоғырланған кезеңінде тұр.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) аумағында АИТВ-инфекциясының алғашқы жағдайлары 80-жылдардың ортасы мен соңында тіркеле бастады. Олар алыс шетелдерден әкелінген дара жағдайлар болды. 1996 жылдан бастап, эпидемия Қазақстан азаматтарының арасында біртіндеп тарала бастады және тек инъекциялық есірткі тұтынушылар мен олардың серіктестері арасында ғана емес, әлеуметтік бейімделген халық арасында да берік орнықты. 2009 жылдан бастап жыныстық жолмен берілуінің айқын өсу үрдісі байқалды, қазіргі кезде оның үлесі 90%-ды құрайды және АИТВ-инфекциясының негізгі жұғу жолы болып табылады.
Жыныстық жолмен таралуына ықпал ететін факторлар: халық арасындағы, соның ішінде жұқтыру қаупі жоғары топтарда (инъекциялық және инъекциялық емес есірткіні қолданатын адамдар, секс-қызметкерлер, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер) қорғалмаған сексуалдық байланыстар, тұрғындардың хабардарлығының төмендігі бірігіп, эпидемияның негізгі топтардан жалпы популяцияға таралуына алып келді.
АИТВ-инфекциясының оны басқа аурулардан ажырататын клиникалық белгілері жоқ. Аурудың басында АИТВ-инфекциясы ешқандай белгісіз немесе ЖРВИ типі бойынша болуы мүмкін, осыған байланысты адам өзінің АИТВ-мен ауыратынын білмесе де, басқалар үшін инфекция көзі болады. Адамда АИТВ бар-жоғын анықтау үшін тек зертханалық тексеруден өтіп, қан талдауын тапсыру қажет.
Сондықтан инфекция қаупі бар жағдайға тап болғаннан кейін, АИТВ-инфекциясына тест тапсырған абзал. АИТВ-мәртебесін білу - АИТВ-ның алдын алу принциптерінің бірі және денсаулықты сақтау жолындағы маңызды қадам.
Қанды тестілеуден өткізу үшін
қаланың кез келген медицина
мекемесіне жүгінуге болады. АИТВ-ға уақтылы тестілеу АИТВ-инфекциясының ерте кезеңдерінде емделуге қол жеткізу үшін маңызды және тәуекелдерді, ең алдымен вирустың жыныстық серіктеске берілу қаупін бақылау үшін маңызды.
Егер терапия уақытында тағайындалып, препараттарды қабылдау талаптары толық сақталса, ЖИТС сатысын бүгінгі таңда ұзақ уақытқа кейінге шегеруге болады. Елімізде емдеу тегін және қолжетімді.
Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 160-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын АИТВ жұқтырған адамдар, сондай-ақ диагнозы нақтыланбаған АИТВ жұқтырған аналардан туған балалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде динамикалық бақылауға және дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге жатады. Емдеу үшін қолданылатын антиретровирустық препараттар вирусты адам ағзасынан толығымен шығармайды, бірақ оның қандағы көбеюін тежейді және адамның иммундық жүйесін нығайтуға, сондай-ақ инфекциялармен күресу қабілетін қалпына келтіруге, сәйкесінше ауруды бақылауға көмектеседі.
АИТВ-инфекциясының алдын алу және тәуекелді азайту үшін біздің ұсыныстарымыз:
- кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту;
- есірткіден бас тарту;
- сіз АИТВ-мәртебесі туралы білетін бір жыныстық серіктеске адал болу;
- егер серіктесіңіздің АИТВ-мәртебесі туралы білмесеңіз, презервативті пайдалану, презервативтерді дұрыс және тұрақты пайдалану инфекция қаупін айтарлықтай төмендетеді;
- АИТВ-ға тұрақты тексерілу.
АИТВ-ға тексеруді және консультацияны АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығынан алуға болады, қабылдауды жұқпалы аурулар дәрігерлері, дерматовенерологтар, акушер-гинекологтар және психотерапевт жүргізеді. Сенім телефондары: 38-04-64, 38-07-02, ресми сайт: www.kazaids.kz.
Адам өзін қорғауда маңызды сәттердің бірі - оның осы күрделі ауру туралы негізгі сауаттылығы! Өз денсаулығың мен жақындарыңның денсаулығы үшін жауапкершілік әрқайсымыздың мойнымызда!
Астана қаласы
АИТВ-инфекциясының алдын алу
орталығының эпидемиолог-дәрігері
З. Рахимбаева