Айша Рақышева: Олимпиада ойындарында алғашқы қазақ қызы болу - мен үшін үлкен мәртебе

Айша Рақышева: Олимпиада ойындарында алғашқы қазақ қызы болу - мен үшін үлкен мәртебе
Фото: Қазақстан биатлоншылар одағы

2026 жылдың басты спорт оқиғасының бірі Милан-2026 ақ Олимпиадасы. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын биатлоншы Айша Рақышевамен сұхбаттасуды жөн көрді.

- Сіз Милан-2026 Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын 36 спортшының тізіміне ендіңіз. Осыны естігенде қандай әсерде болдыңыз? Әлде баратыныңызға сенімді болдыңыз ба?

- Қанша жылдық еңбектің ақталғанына әрине өте қуаныштымын. Бірақ, бұл әлі бастамасы. Командада соңына дейін нақты ештеңе белгілі болмады. Алайда жолдамаға ие болатыныма сенімім болды. Әсіресе, жаттықтырушыларым маған қатты үміт артқан болатын. Сол сенімді қайтсем де ақтауға тырыстым.

- 1994 жылдан бергі 8 қысқы Олимпиаданың тізіміне назар аударсақ, биатлоннан бірде-бір қазақ аруы осы спорт түрінен әлі бармапты. Тарихты жаңарту қалай қолыңыздан келді? Жалпы биатлонда сізден бөлек те, қазақ қыздары көп пе?

- Биатлоннан Олимпиада ойындарында алғашқы қазақ қызы болу - мен үшін үлкен мәртебе. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қыздары қашаннан намысты биік қойған, рухты арулар ғой. Мен сол ізді жалғап, Олимпиадада лайықты нәтиже көрсетуге ниеттімін. Жалпы, қысқы спорт біздің де қолымыздан келетінін дәлелдегім келеді. Біздің командада менен бөлек, Адима Қуанышбекова, Лаура Киныбаева деген биатлоншы қыздар бар. Біздің артымыздан сіңлілеріміз ерсе, оның өзі бір жеңіс!

- Қысқы спорт түрінде көп жағдайда өзге ұлт өкілдері күштерін сынап жатады. Ал сіз қалайша биатлонды таңдадыңыз? Бұған дейін де басқа спорт түріне барып па едіңіз?

- Осыған дейін шаңғы спортымен айналыстым. Жастар арасындағы әлем чемпионатында үздік 20 спортшының қатарынан табылатынмын. Басты жетістіктерім ретінде 2023 жылы АҚШ-тағы қысқы Универсиадада шаңғыдан қазіргі ұлттық құраманың көшбасшылары, Милан-2026 қысқы Олимпиадасының жолдама иегерлері Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгинамен эстафета сайысында қола медаль жеңіп алдық. Алайда осыдан 2 жыл бұрын биатлонға ауысамын деп шештім. Оған өзіндік себептер де болды. Бастысы биатлонның дамуы, спортшыларға жасалатын жағдай мен бас бапкеріміз Мақсат ағай мен федерацияның қолдауы көп көмектесті. Барлығын басынан бастауға тура келді. Алғаш рет қолыма мылтық алдым. Биатлон мен шаңғы ұқсас болғанымен, биатлонда нысына ату кезеңдері болғандықтан, қиынырақ екені анық.

Әлем кубогына қатысу үшін, Еуропа чемпионаттарында бақ сынадым. Кейін Әлем кубогы кезеңдерінен Олимпиадаға жолдама бұйырды. Маған әрдайым сенген, қолдау білдірген жандарға көп рақмет!

- Қазақстанда қысқы спорт түріне арналған жалғыз спорт интернаты Риддерде орналасқан. Алайда сіз Жетісу облысының Алакөл ауданында Лепсідегі дарынды балаларға арналған спорт мектеп интернатының өкілі екенсіз. Алакөл ауданында да қысқы спортпен айналысуға мүмкіндік бар ма?

- 2015 жылы Бауыржан Оспанов ағамыздың қолдауымен ашылған  дарынды балаларға арналған Лепсі спорт-интернатын оқып, бітірдім. 1 мыңға жуық қана тұрғыны бар ауыл таудың бауырында орналасқан. Қысы өте суық. Тау бөктеріне қар қалың түскендіктен, шаңғымен айналысуға өте қолайлы. Бұл спорт интернатында қысқы спорт түрлерінен тек шаңғы ғана қамтылған.

- Биатлонның сізге берер пайдасы қандай деп ойлайсыз? Бұл спорт еуропалықтарға тән болғандықтан, сіздерге деген көзқарастары қандай?

- Расымен, биатлон нағыз еуропалықтардың спорты. Көбінесе Скандинавия елдерінде жақсы қолға алынған. Оларды биатлон мәдениеті ұзақ жылда қалыптасқан. Бірақ, біздің елде де соңғы 3-4 жылда қарқынды даму бар. Оған федерациямыздың балалар спортына жасап жатқан жобалары ықпал етуде деп ойлаймын. Біздің де тұрақты жанкүйерлеріміз бар. Олар кейбір Әлем кубогы кезеңдеріне көк туымызды ұстап, қолдау білдіру үшін қатысады. Біз үшін ол үлкен қуаныш.

Биатлонның жеке өзіме берер пайдасы туралы айтсам, ең алдымен, ол сенім мен мүмкіндік. Шаңғыдан ауысу туралы шешім қабылдау оңай болмады. Бірақ маған сол кезде бас бапкеріміз Мақсат ағай мен Федерацияның бас хатшысы Манас ағайлар сеніп, қолдап, команданың оқу-жаттығу жиындарына қосты. Бұл бір жағынан менің спортшы ретінде өзіме деген сенімділігімді арттырды. Олардың артқан үмітін ақтауға деген мотивация болды. Маған биатлондағы осы аға-іні, аға-қарындас секілді жылы қазақи бауырмалдылықтың атмосферасы қатты ұнайды. Мен нағыз өз ортамды тапқаныма қуаныштымын.

- Милан-2026 Олимпиадасының жарыс алаңы сізге қаншалықты таныс?

- 2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада мен 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының трассасында жүгіргенмін. Алайда Милан-2026  Олимпиадасында 40 жыл бұрын салынған Стелвио шаңғы базасында алғаш рет бақ сынаймын.

- Көпшілік сырттай кәсіби спортшылардың өміріне қызығып жатады. Жаңа ел, керемет табиғатты көресіздер. Алайда тұрақты жаттығу, бәсекелестіктің де денсаулыққа берер кері әсері бар шығар?

- Ел-жер көру әрбір адам үшін маңызды. Әйтсе де спортшыларда денсаулыққа байланысты мәселелері жиі болып тұрады. Барынша төімді болуымыз керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!