45 млн теңге залал келтірген: лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған күдікті Испаниядан экстрадицияланды

45 млн теңге залал келтірген: лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған күдікті Испаниядан экстрадицияланды
Фото: видеодан алынған скрин / t.me/GenPr

ҚР Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері Қазақстанның Испания Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен Барселона қаласынан лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасау фактілері бойынша күдікке ілінген Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратураның мәліметінше, ол 2020 жылы кеден органдарының қызметкері бола отырып, ақпараттық дерекқорға жалған мәліметтер енгізу арқылы 8 автокөліктің иелерін бюджетке төленуге тиіс кедендік баждардан заңсыз босатқан деген күдікке ілінді.

«Келтірілген залалдың жалпы сомасы 45 млн теңгеден асады. Күдікті үш жылдан астам уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуде болған, кейін ҚР ІІМ-нің Интерпол сұрау салуы бойынша Испания аумағында ұсталды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұған дейін қаржы пирамидасымен 6,5 млрд теңгені заңсыз тартқан күдікті Грузиядан экстрадицияланғанын жазған болатынбыз.