Қаржы пирамидасымен 6,5 млрд теңгені заңсыз тартқан күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің көмегімен экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас пркуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдікті Астанада «World Busines Consulting» қаржы пирамидасының құрылымын басқарды, оның бөлімшелер желісі 2018-2022 жылдары Қазақстанның түрлі өңірлерінде азаматтармен жоғары пайда алуды сылтауратып, 6,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз тартқан.
Аталған қылмыстық ұйымның бірқатар қатысушысы нақты бас бостандығынан айыруға сотталды.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
«2025 жылдың қарашасында ол Грузияда ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Көрсетілген қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін HAS қаржы пирамидасына алданған тағы 125 адамның анықталғанын жазған едік.