Референдум-2026

23 тамызда сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар үйде дауыс бере алады

Бүгін, 11:56
Думан Аманжол Думан Аманжол
23 тамызда сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар үйде дауыс бере алады
Фото: Василий Крась

23 тамыз - Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау күні денсаулық жағдайы, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасау себебімен, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын ел азаматтары дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге құқылы, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.

Ол үшін сайлаушы дауыс беру күні (23 тамыз) жергілікті уақытпен сағат 12:00-ден кешіктірмей, өзінің тiркелген аумағындағы учаскелік сайлау комиссиясына барып, болатын жері бойынша дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтініш беруі қажет.

«Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі берілген өтініш негізінде және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін сайлаушыға дауыс беруге арналған бюллетень береді. Дауыс беруге арналған бюллетеньді алу фактісі өтініште сайлаушының қолымен куәландырылады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссиясының бюллетеньді берген мүшесі оған өзінің қолын қояды, сондай-ақ сайлаушының өтінішіне қол қояды. Дауыс беруді өткізу кезінде сайлаушының ерік білдіру құпиясының міндетті сақталуы қамтамасыз етіледі.