Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы етеді. Орталық сайлау комиссиясы осыған байланысты алғашқы отырысы өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындау және сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту, саяси партияларды сайлауға қатысуға жіберу және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды ұсыну тәртібі бекіту мәселесі қаралды.
«Биыл елімізде сайлау процесіне байланысты бірқатар маңызды іс-шара өткізілді. Жақында Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Енді біз мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі сайлау науқанына кірісіп отырмыз. Сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған тиісті жұмыстар басталады», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы олардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалуы тиіс екенін атап өтті.
«Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы етеді. Мәслихаттар халық тарапынан жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Алдағы сайлау шеңберінде 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Атап айтқанда, 668 мандат - 20 облыстық мәслихатта, 626 мандат - 38 қалалық мәслихатта және 2 153 мандат - 170 аудандық мәслихатта қарастырылған», - деді Мұхтар Ерман.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша - тыныштық күні. Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары бес күндік мерзімде белгіленеді.
ОСК мүшелері мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға келесі саяси партияларды жіберу туралы қаулылар қабылдады: «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы.