2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қаншалықты өседі

2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қаншалықты өседі
Фото: Оңалхан Өнерхан

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрін, базалық және ынтымақты зейнетақыларды ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10 пайызға арттыру көзделген6 деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғарғысын 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда.

«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан 118 пайызына дейін артып, 60 005 теңгені құрайды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардағы арттыруды ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңгені құрайды. Аталған сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейтінін атап өткен жөн», - делінген хабарламада.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің ұлғаюы:

– 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды;

– мөлшері бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды;

– I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10 пайызға артады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

«Төлемдердің мөлшері жеке дара болып саналады және соңғы 2 жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты алмастыруға байланысты болады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желіде тараған қаңтар айының зейнетақысы мерзімінен бұрын төленетіні туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.

Бұған дейін жыл басынан бері қазақстандықтарға 3,8 трлн теңге зейнетақы төленгені туралы жаздық