2025 жылы дәрі-дәрмек сатып алуда 85 млрд теңге үнемделді – ДСМ
Медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, дәл жоспарлау, өтпелі қалдықтарды талдау және сатып алу рәсімдерін оңтайландыру нәтижесінде 2025 жылғы дәрілік заттарды сатып алу қорытындысы бойынша үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қол жеткізіліп, бюджет қаражатынан 85 млрд теңгеден аса қаржы үнемделді, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне жасап.
Үнемделген қаражат жыл ішінде емі тағайындалған пациенттерді қоса алғанда, дәрілік заттардың қосымша көлемін сатып алуға бағытталған.
2026 жылы «СҚ-Фармация» ЖШС 2 мыңнан аса атаудағы дәрілік зат пен медициналық бұйымдарды сатып алуды жоспарлап отыр. Медициналық ұйымдарға жеткізу қаңтардың алғашқы күндерінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл жыл басынан бері тұрақты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
2025 жылы алғаш рет Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңге сомасында төмендетілмейтін қор қалыптастырды. Құрылған қор дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің 2-3 айлық қажеттілігін жабуға және сұраныстың жоспардан тыс өсуіне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
«Аталған қордың есебінен 2025 жылғы тамыз және қараша айларында медициналық ұйымдардан жалпы сомасы 8,5 млрд теңге және 4,4 млрд теңге болатын қосымша өтінімдер жиналды. Бұл сатып алулар жаңадан анықталған пациенттерді қамтамасыз етуге, сондай-ақ жекелеген дәрілік препараттар бойынша уақытша тапшылықты жабуға бағытталды.
Қабылданған шаралар қант диабеті, онкологиялық аурулар, ағзаны трансплантаттау және гемофилия сияқты әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша емнің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, жыл ішінде жекелеген медициналық ұйымдарда қант диабетін емдеуге арналған дәрілік заттарға қосымша қажеттілік туындады. Бұл өтінімдер жедел тәртіпте қаралып, қажетті дәрілер төмендетілмейтін қор есебінен ауруханалар мен емханаларға уақтылы жеткізілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 382 трансплантаттау жасалған, оның ішінде 2025 жылы қосымша 31 жаңа пациент тіркелді. Бұл пациенттер үшін дәрілік заттар шұғыл тәртіпте сатып алынып, жеткізілді.
«Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік қамтамасыз ету саласында жеткізілімдердің тұрақтылығын, жоспарлау мен сатып алудың ашықтығын, сондай-ақ дәрілік препараттарды әрбір пациентке дейін нақты әрі уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі өзгерістердің жалғасып жатқанын атап өтеді», - делінген хабарламада.
Бұған дейін пациенттердің 85 пайызы дәрілерді цифрлық сервистер арқылы алатынын жазған едік.