«Бақылау жүйесі енгізілді»: пациенттердің 85 пайызы дәрілерді цифрлық сервистер арқылы алады
2024 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген пациенттердің 85 пайыздан астамы «Әлеуметтік әмиянды» қоса алғанда, цифрлық сервистерді пайдаланады, деп хабарлады Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жазылған және алынған барлық электронды рецепт жеке кабинеттерде қолжетімді.
Диспансерлік бақылауда тұрған 3,3 млн пациенттің цифрлық есебі дәрі-дәрмектерге қажеттілікті дербестендірілген жоспарлауға мүмкіндік берді. Бұл сатып алу көлемін дәлірек болжауға және тапшылық қауіптерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жеке дәріханалардың қатысуымен және бірге төлеу механизмі арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықсыздандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосуға дайындық жүргізілуде. Болашақта бұл азаматтарға дәріханалар мен дәрілерді таңдау мүмкіндігін кеңейтеді, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы өтемақы есебінен жеке шығындарды азайтуға септігін тигізеді.
Цифрландыру фармацевтикалық бизнеске де қатысты. Дәрі-дәрмектерді тіркеу мерзімі «бір терезе» қағидаты бойынша 210 күннен 100 жұмыс күніне қысқартылды.
«Дәрілерді белгілеу және толық бақылау жүйесі енгізілді: бүгінде 667 миллионнан аса бірлік белгіленді. Бұл нарықтың ашықтығын арттырды. Фармацевтикалық сектордағы салық төлеушілер саны 5 пайызға өсті, ал салықтық түсімдер 24 пайызға артты», - делінген хабарламада.
Бұған дейін өмірлік маңызды препараттардың 37 пайызы Қазақстанда өндірілетінін жазған едік.