«Жошы хан» тарихи драмасы қалай сахналанды?
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде «Жошы хан» тарихи драмасы туралы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Болат Ұзақовтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 2023 жылы маусымда «Жошы хан» тарихи драмасының премьерасы өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келіп, көпшілікпен бірге тамашалаған болатын. Айта кету керек, Мемлекет басшысы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Жошы ұлысының іргесі қаланғанына - 800 жыл болғанын атап өтті.
«Жошы хан» тарихи драмасының авторы, драматург - Думан Рамазан. Қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Спектакльдің музыкасын композитор, этномузыкант, ҚР Мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетов жазған. Қойылымның суретшісі ретінде Ерлан Тұяқов шақыртылыпты. Хореографы - Салтанат Сұңғат болса, сахна сайысын Абылай Салимханов қойған. Спектакльде Жошы хан рөлін театрдың жас актері Қайыржан Садықов ойнайды. Шыңғыс хан бейнесін екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылбек Қапаев пен Жанқалдыбек Төленабаевтар жаңғыртты.
Қойылым «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұрады. Үргеніш шаһарын басып алу барысындағы Шағатай мен Жошы арасындағы текетірес хандық ішіндегі дауға ұласу қаупі туады. Шыңғыс ханның ұлдары арасындағы алауыздықты шешіп, сыртқы жаулардың қитұрқы ойларының жүзеге асуына жол бермеу жолы көрініс табады. Шыңғыс ханның өз қарамағындағы жерлерін төрт ұлы арасында ұлыстарға бөлу сахнасы арқылы оның көрегендігі мен сарабдал саясаткерлігі байқалады. Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған хан әке мен оғлан Жошының Ел билеу жөніндегі ой ерекшеліктері, талғам-түйсіктері бой көрсетеді.