Жазда студенттерге арналған тегін оқу курстары ұйымдастырылады


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жазғы демалыста оқушылардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек министрлігі басшысының айтуынша, заңға сәйкес жұмыс істеуге рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны 1 млн 488,6 мың адамды құрайды, оның ішінде 26,5 мың мүмкіндігі шектеулі оқушылар.
Сонымен қатар, ең көп сан оңтүстік макроөңірде – Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тіркелді.
Министрліктің ақпараттық жүйелерінің деректеріне сәйкес бүгінде мектеп жасындағы 24,3 мың бала жұмыспен қамтылды. Ең көп сауда саласында, тұру және тамақтану қызметтерінде жұмыс істейді.
«Алдағы каникул кезеңінде студенттерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін келесі іс-шаралар ұсынылады – Электрондық еңбек биржасы арқылы лайықты бос жұмыс орындарын таңдау, онлайн оқыту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және кәсіптік бағдар беру», - деді Светлана Жақыпова.
Министр электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) арнайы «Менің жазғы демалысым» бөлімі құрылғанын, ол 14 жастан бастап білім алушыларға (мектеп оқушылары мен студенттер) платформаға тіркелуге, жеке кабинетін құруға, түйіндеме жариялауға және қолайлы бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
16 жасқа дейінгі білім алушылар үшін тіркеуді және жеке кабинетті құруды заңды өкілдер (ата-аналар, қамқоршылар) жүзеге асырады. Платформа 14 жастан бастап алғашқы кәсіби тәжірибені игеруге, жұмысқа орналастырудың цифрлық құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ қауіпсіз жұмыс іздеуді ұсынады, сонымен қатар еңбек дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Skills.Enbek онлайн оқыту платформасы мектеп оқушыларына жаңа дағдыларды үйренуге немесе бұрыннан бар қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі салалардағы тегін және ақылы курстардың кең ауқымын ұсынады.
Бүгінгі таңда платформада 1,2 мыңнан аса курс бар, оның 322-сі тегін, ал 137 курс мемлекеттік тілде ұсынылған.



