Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды жазаға тарту қажет – Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығы, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі.
Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды.
Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Азаматтар «Үйге оралуға бола ма?», «Қайдан көмек алуға болады?» деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет, – деді Президент.