Заң мен тәртіп: Алты айда 4 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды

Бүгін, 11:23
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Заң мен тәртіп: Алты айда 4 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ішкі істер органдары «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесуді жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Биыл алты айда 4 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық тіркелді, оның 1 800-і ауыр және аса ауыр қылмыстар. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару фактілері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде екеуі трансұлттық сипатта. 11 көшбасшы және 43 қатысушы ұсталды.

Заңсыз айналымнан алты тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Мұның ішінде тәркіленген синтетиканың көлемі екі есеге өсіп, 570 кг құрады. 103 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Есірткі заттарын егудің 218 фактісі және 63 контранбанда фактісі анықталды», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Оның айтуынша, жастар арасында танымал есірткі сайттарын бұғаттау үш есеге артқан. Олардың саны 17 мыңнан асады. Сонымен қатар күмәнді операцияларға қатысы бар 24 мың шот бұғатталды, оларда 2,4 млрд теңге жинақталған.

«Есірткі профилактикасы ерекше назарда. 11 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, оған бір миллион жастар мен жасөспірімдер қатысты.

Есірткі қылмысына қарсы күрес қоғамдық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақты қорғау мақсатында күшейтілген тәртіпте жалғасатын болады», - деді Қуандық Әлжанов.