ТЖМ акциясы аясында 2500-ден астам терезе құлыптары орнатылды

9 шілде, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ТЖМ акциясы аясында 2500-ден астам терезе құлыптары орнатылды
Фото: ТЖМ

Жыл басынан бастап еліміздің ТЖМ құтқарушылары еліміздің түкпір-түкпірінде көпқабатты үйлердегі пәтерлерде қорғаныш терезе блокираторларын орнату бойынша кең ауқымды акция ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 Бұл бастама аясында ерекше назарды қажет ететін отбасылардың үйлерінде қазіргі уақытта 2500-ден астам қорғаныш құрылғысы  орнатылды.

ТЖМ құтқарушылары барлық құрылғыларды көпбалалы, әлеуметтік осал отбасылардың, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылардың пәтерлерінде тегін орнатады.

 Акцияның басты мақсаты — балалардың терезеден құлауының алдын алу. Өкінішке орай мұндай оқиғалар балаларды тіпті қысқа уақытқа қараусыз қалдырғанда да, терезе ашық болса, орын алып жатады.

 ТЖМ ата-аналарға қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді ескертеді:

 - үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз;

 - терезе маңына жиһаз қоймаңыз — бала үстіне шығып кетуі мүмкін;

 - тек қорғаныш механизмі бар терезелерді пайдаланыңыз;

 - бала терезені аша алмауы үшін терезе тұтқасын бекітіп қойыңыз;

 - баланы терезе алдына шығуға үйретпеңіз;

 - балаларды үлкендердің қарауынсыз балконға шығармаңыз;

 - москит торы құлап кетуден қорғай алмайтынын есте сақтаңыз.

 Балалардың қауіпсіздігі — ересектердің қолында!

 ТЖМ құтқарушылары қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін бар күшін салуда, алайда басты жауапкершілік — ата-аналарға жүктеледі.