00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Теміржолды белгіленбеген тұстан кесіп өткен 28 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды

12 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Теміржолды белгіленбеген тұстан кесіп өткен 28 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Биыл жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті белгіленбеген жерлерден теміржолдарды кесіп өткені үшін 28 589 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты. 55 азамат пойыз астына түсіп, олардың жартысынан көбі қайтыс болды. Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.

Департамент бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, демалыс күндері Жетісу облысы Қарабұлақ – Талдықорған аралығында жүк пойызы белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өтіп бара жатқан ер адамды қағып кетті. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

«Өкінішке қарай, қайғылы оқиғалардың көпшілігі теміржолда жүріп-тұру ережелерін сақтамау салдарынан болады. Әлі күнге дейін адамдар теміржолдың қаншалықты қауіпті аймақ екендігін, оның зардаптарын жете түсінбейді», - деді Б.Малыбаев.

Көлік полицейлері профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде азаматтарға теміржол аймағында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екенін жиі ескертеді. Жаяу жүргіншілердің төсем арқылы өтпес бұрын теміржолда пойыздың, локомотивтің немесе вагондардың жоқтығына әбден көз жеткізгендері жөн. Тіпті пойыздың сигналын есту үшін құлаққап пен бас киімді шешіп өту – өте маңызды.