Telegram арқылы есірткі сатқандар 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Қостанай қаласында әлеуметтік желілер арқылы есірткі сатқандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған қылмыстық істі тергеуді ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті жүргізген.
Тергеу барысында олардың Telegram мессенджерінде «Thс Seller» атты наркошоп ашқаны анықталды. Осы ресурс арқылы 2 мыңнан астам клиент есірткі сатып алып, жалпы айналым 100 млн теңгеден асқан.
Есірткіден түскен табысты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлер атына рәсімделген банктік карталар пайдаланылған.
Тінту кезінде жалпы салмағы 30 келіден асатын марихуана мен гашиш тәркіленді.
Сот шешімімен кінәлілер 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған екі автокөлік мемлекет меншігіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.