Табиғат аясында қандай қауіпсіздік ережелерін есте сақтау қажет?
Жазда баламен бірге демалыс орындарына, ойын алаңына, көшеге, табиғат аясына шыққанда ата-ана қауіпсіздік ережелеріне жіті мән беруі керек. Елордадағы инновациялық мектепке дейінгі ұйым «Қарлығаш» балабақшасының әдіскері Тазагүл Шаштавлетова балаларға және ата-аналарға қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын ескертеді, деп хабарлады Elorda.info.
Маман балаға күн тиіп қалмау үшін жаздың ыстық күндері үнемі бас киім киіп жүруге кеңес береді.
Әсіресе жаз мезгілінде астан улану қауіп артады. Сондықтан жемістер мен көкөністерді міндетті түрде жуу қажет.
Баланы бағдаршамнан өтуге үйретіңіз. Автомобильдің қауіптілігі, ойын алаңындағы қауіп туралы жиі ескертіп отырыңыз. Сондай-ақ оларға өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыру керек. Әсіресе ересек адамсыз от жағуға болмайтынын, өрттің жылдам тарайтындығын айтыңыз, - деді Т.Шаштавлетова.
Шомылу маусымы кезінде жеткіншектерге суға түсу ережелерін де айтуды ұмытпаған жөн.
Балаға тіпті үрлемелі дөңгелектер мен матраста болса да үлкендердің қарауынсыз суға түсуіне болмайды. Кішкентай баланы суға тек жүзгіш жилетпен немесе жеңдікпен жіберіңіз. Сонымен қатар, оларға суда тығылып немесе бір-бірін батыратын ойын ойнауына рұқсат бермеңіз. Күн астында арнайы күннен қорғайтын құралдарды қолданыңыз. Салқын тиіп қалмас үшін баланың суда болған уақытын бақылаңыз, - деді маман.
Тазагүл Шаштавлетова табиғат аясында демалу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
Жаз мезгілінде кенеден сақ болу қажет. Балаға жабық шалбар мен жабық аяқ киім кигізген жөн. Шалбардың балағын шұлыққа салып қойыңыз. Оларға орманда саңырауқұлақтар мен жидектерді үлкендердің рұқсатынсыз жеуге болмайтындығын түсіндіріңіз. Олар улы болуы мүмкін. Ара секілді жәндіктердің шағуын болдырмас үшін олар балаға жақындағанда бір орында қозғалмай тұру керектігін айтыңыз. Ең бастысы, табиғат аясына шыққанда, баланы қараусыз қалдырмаңыз, - деді Т.Шаштавлетова.