Түрмедегі қанша әйел рақымшылық бойынша жазадан босатылуы мүмкін


Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден «Ауыл» партиясының атынан Ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдап, Конституцияның 30 жылдығына орай Қазақстандағы сотталған әйелдердің бір бөлігіне рақымшылық жариялау мәселесін қарастыруды сұраған болатын. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттың түрмедегі жазасы жеңіл әйелдерді босату туралы ұсынысына орай жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ішкі істер министрі мұндай ұсынысты құптайтынын айтты. Дегенмен, оның өз тәртібі бар және Конституцияның 14-бабына сәйкес, заң мен сот алдында барлығы тең. Соған сай, ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды.
Ержан Сәденов ұсынған мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде:
-2692 әйел бас бостандығынан айыру орындарында;
-3707 әйел пробациялық бақылауда.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2002 әйел сотталды, олардың 1766-сы алғаш рет, ал 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған. Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге жаза мерзімін қысқарту мүмкін», – деді ішкі істер министрі.
Ержан Сәденов рақымшылық жасауда әйелдердің әлеуметтік жағдайы ескерілетінін де алға тартты. Мысалы қазіргі таңда:
-29 мүгедек әйел (I топ – 3, II топ-3, III топ – 15);
-60 жастан асқан 243 әйел;
-13 жүкті әйел;
-3 жасқа дейінгі сәбиі бар 58 әйел;
-226 көп балалы ана бар.