Әскери қызметшілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жылдық ертегімен қуантты
Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының, Қарулы күштер ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасы өкілдері Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы балалар үйіне барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мерекелік залда мультфильм кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған бағдарлама қойылды.
Әскери қызметшілердің бастамасымен әлеуметтік мекеменің жүзден астам тәрбиеленушісі Аяз ата, Ақшақар және басқа да сүйікті кейіпкерлерімен бірге қысқы ертегіні тамашалады. Балалар жасыл шыршаны айнала ән айтып, би биледі.
Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге зор денсаулық, керемет көңіл-күй және жаңа жылда сәттілік тіледі. Мерекелік көңіл-күйде өткен шара соңы жаңа жылдық ғажайыптан естелік ретінде бірлескен фотоға түсумен аяқталды.
Қарулы күштер үшін дәстүрге айналған осындай қайырымдылық акциялар қазір еліміздің бүкіл өңірінде өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Мұндай шаралар мемлекет пен қоғамның ерекше назарын қажет ететін балдырғандарға көмек пен қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.