00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Әскери қызметшілер су басқан елдімекендерде патрульдік қызмет атқарады

20 сәуір, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Әскери қызметшілер су басқан елдімекендерде патрульдік қызмет атқарады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тәулік бойысу тасқыны орын алған елдімекендерде тұрғындардың мүліктерін күзетеді, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері су басқан аумақтарда тұрғындардың меншіксіз қалған дүние-мүліктерінің  жоғалып кетпеуін қадағалау мақсатында қызмет атқаруда. Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілері су басқан шағын аудандарда бақылау бекеттерін құрады және үш ауысымда қызмет атқарады. Қауіпсіздік мақсатында олар азаматтарды су басқан үйлерге жібермейді.

Біз полиция қызметкерлерімен бірлесіп  қараусыз қалған үйлерді күзетіп жатырмыз.  Көшелерді жаяу патрульдейміз. Сонымен қатар, біз су басқан ауылдарда бақылау бекеттерін құрдық, - деді взвод командирі лейтенант Нұрдәулет Айтуаров.

Сонымен қатар, су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен елордалық 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы тартылды. Олар инертті материал салынған сөмкелерді дайындайды және жинайды, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізеді және бөгетті нығайтады, сондай-ақ жануарларға арналған азық-түлікті түсіреді.

Жалпы алғанда,  зардаптардың алдын алу үшін құқық тәртібі әскерлерінің 3000 жауынгері полицейлермен, құтқарушылармен және еріктілермен бірлесіп, азаматтарды эвакуациялауға белсенді қатысады, табиғи апат аймағындағы эвакопункттерге гуманитарлық көмек жеткізеді.

Мысалы, 6506 әскери бөлімінің (Шымкент қ.) 300 офицері, сержанттары мен сарбаздары және 5547 әскери бөлімінің (Қызылорда қ.) жеке құрамының 200 адамы Батыс Қазақстан облысында жағалауды нығайту жұмыстарына, қапшықтарды дайындау мен төсеуге көмектеседі. Ал, 5517 әскери бөлімінің (Орал қ.) 80 адамнан тұратын әскери қызметшілері патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Тағы 240 адам су тасқынына қарсы іс-шараларда жергілікті тұрғындарға көмек көрсетеді. Жалпы, БҚО-да 860-қа жуық ұландықтар жұмылдырылды, - деп жазылған хабарламада.