Сенаторлар палата отырысының күн тәртібін бекітті
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда депутаттар осы аптаға жоспарланған іс-шараларды пысықтап, 18 сәуір күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Соған сәйкес Палатаның алдағы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қаралады. Депутаттар бастамашы болған бұл құжат халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Бұған дейін айтылғандай, заңда өңірлерге қоныс аударушылар үшін жағдай жасауға, «қандас» мәртебесін беру рәсімін жетілдіруге арналған өзгерістер және тағы басқа түзетелуер бар.
Сонымен қатар сенаторлар Палата отырысында «ҚР Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Келісім көліктің әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған.
Алдағы бейсенбіде депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарайды. Аталған заң ғалымдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуға және ғылымдағы қаржылық ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға арналған.