Салман Героев: Бір жапырақ нанын бөліп берген қазақтарға алғыс айтудан жалықпаймыз
Ақпан айының 23-інен наурыз айының 9-на дейінгі аралық Қазақстан аумағында тұратын шешен-ингуш этносы үшін ерекше күндер. Себебі, осыдан 80 жыл бұрын дәл осы күндері аталған ұлт өкілдерін Қазақстанға депортация жасады.
Бұл оқиға қос елдің тарихында өшпес із қалдырды. Бұл кезеңде жүз мыңдаған шешендер мен ингуштар Орта Азия аумағына қоныс аударды. Статистика бойынша Солтүстік Кавказдан келгендердің саны 500 мыңдай болған. Күштеп қоныс аударылған халықтың әрбір төртіншісі көш кезінде және қоныстанудың алғашқы жылдарында қайтыс болды. Депортация уақытындағы жантүршігерлік оқиғалар сол кезде 7 жасар бала болған – Салман Героевтың әлі көз алдында.
Мен ол кезде жеті жасар бала болсам да бәрі есімде. 1944 жылы ақпанның 23-і күні таңғы сағат 5-те ауылдағы шешендер мен ингуштардың пәтерлеріне қаруланған сарбаздар мен офицерлер кірді. Олар тұрғындарға заттарын жинап көшке дайындалуға 15 минут ғана уақыт берді. Барлығына тек қол жүктерін алуға рұқсат етілді. Бас-аяғы 4 сағат ішінде барлық халық мал тиейтін вагондарға тиеліп шығысқа аттанды. Мұнда қарттар, әйелдер және мен сияқты көптеген балалар да болды. Вагондардағы қарулы күзетшілердің қатаң бақылауында болған олар қайда бара жатқанынынан бейхабар еді, - деп еске алды кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, сол уақытта оларды 180 вагонға бөліп тиеген.
Олардың ішінде 493269 шешен және ингуш ұлтының адамдары болды. Жолда 1272 адам қайтыс болды. Бұдан бөлек 50 адам түрлі қарсылық танытқаны үшін, алып келе жатқан күзетшілердің қолынан қаза тапты. Сондай-ақ алғашқы уақытта жаңа климаттық жағдайларға бейімделмеген мыңдаған адам аштықтан, суықтан және түрлі аурудан көз жұмды, - дейді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі.
Кейіпкеріміз Қазақстанға көшіп келген алғашқы жылдарын былайша еске алды.
Шешендер мен ингуштар мұсылман дінін ұстанды. Сонымен қоса, олар қазақтар секілді еңбекқор болды. Келген кезде қарттар мен балалар жергілікті қазақтармен тез достасып кетті. Тіпті қос ұлт пен қазақтар арасында дәстүр бойынша жақындастық та пайда болды. Уақыт өткен сайын вайнахтар бірте-бірте жаңа Отанына үйрене бастады. Біз қазақ жерінде өз мәдениетіміз бен терең тарихи салт-дәстүрімізді сақтап отырмыз. - деді ол.
Ол қиын қыстау заманда қазақ халқы елге келгендердің ешқайсысын шеттетпеді. Оларды бауырына басты және бір жапырақ нанды бөлісіп жеді. Шешен-ингуш ұлтының өкілдері бұл жақсылықты ешқашан ұмытпайтындығын айтады.
Шешен-ингуш халқын жылы қабылдап, жарты нанын бөліскені үшін қазақ халқын құрметтейміз. Сол көмегінің арқасында депортация кезінде вайнах халқының жартысы өлімнен аман қалды. Олжас Сүлейменов қазақ халқының вайнахтарға жанашырлығын былайша білдірген еді: «Мен өз Отанымда мәңгілік тыныштық тапқан қазақтардың қабірлеріне барған сайын азапталған вайнахтардың қабірлерін де кездестіремін. Мұнда олардың саны 300 мыңнан асады. Өлгендер үшін ұлт бойынша айырмашылық жоқ. Мен сол қабірлердің қасында үнсіз тұрмын. Ал көз алдыма Отаныма қиын-қыстау кезде жер аударылғандар келеді. Олардың жағдайы қиын болса да, бастысы ішкі жігері мықты еді» деген еді,- дейді бұл күнде 87 жасқа келген ақсақал.
Сөз соңында «Вайнах» шешен-ингуш этнобірлестігінің төрағасы өздерінің қазақ халқына алғыс айтудан жалықпайтындықтарын жеткізді.
Иә, халық аман қалды. Оның тарих сахнасынан жойылып кетуіне жергілікті қазақтар мүмкіндік бермеді. Сондықтан біз «Сарыарқаның ұлы даласы, сталиндік қуғын-сүргіннің қиын жылдарында бізді кеудесінен итермегені, достық қолын созғаны үшін рақмет»,- деп айтудан жалықпаймыз. Біз қазақ халқының ұлдары мен қыздарының мейірімділігі мен жомарттығын ешқашан ұмытпаймыз. Сондай-ақ мұны келешек ұрпақтарымызға да айтып отырамыз, - деп сөзін түйіндеді Салман Героев.