00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Павлодар облысында балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған ата-аналар жауапкершілікке тартылды

2 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Павлодар облысында балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған ата-аналар жауапкершілікке тартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Павлодар облысында полиция қызметкерлері өз міндеттерін тиісінше орындамаған 400-ден асам ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ата-аналардың арасында алкогольді немесе есірткіні шамадан тыс пайдалануы, ересектердің аморальдық мінез-құлқы, балаларға қатыгездік көрсетуі сияқты факторлар көбеюде, ал мұның барлығы кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне теріс әсерін тигізуі мүмкін.

«Биыл 407 заңды өкіл өздерінің бала тәрбиелеу, білім беру, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Сонымен қатар 334 әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы анықталып, профилактикалық есепке қойылды.

Мысалы, Павлодар қаласындағы полиция бөліміне Мәскеу көшесінде орналасқан үйден қоңырау түскен. Жас ұрпақтың тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар бұл үйде төрт баланың ата-анасының қарауынсыз қалғанын хабарлаған

Бұл мекенжай ювеналды полиция қызметкерлеріне бұрыннан таныс болатын. Осыдан бір ай бұрын анасының балаларын дұрыс тәрбиелемеуі мәселесі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралған еді. Комиссия шешімімен заңды өкілге сынақ мерзімі беріліп, бір ай ішінде ол жағдайды түзетуге, алкогольдік ішімдіктерді тұтынбауға және бала тәрбиесімен айналысуға міндеттелді. Сондай-ақ ол балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Жаңадан түскен ақпарат бойынша полиция қызметкерлері аталған пәтерде орта дәрежедегі мас күйінде болған ана мен балаларды көрді. Бұл медициналық куәландырумен расталды. Заңды өкілге қатысты кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материал жиналып, сотқа жіберілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар ауруханаға жатқызылды, емделіп шыққан соң арнайы орталыққа немесе балалар үйіне орналастырылмақ.

Тәртіп сақшылары анасына бірнеше рет түзелуге және балаларын қолдау үшін дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бергенімен, өкінішке орай, оның ішкілікке тым жақын болуы осындай қайғылы салдарға әкелді.

Полиция азаматтардан осындай жағдайларға тап болған балалар туралы  102 нөміріне қоңырау шалып хабарлауларын сұрайды.   Ақпараттар үшін «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалануға да болады.