00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қорғаныс министрі әскери колледждер мен мектеп ұстаздарын құттықтады

Қорғаныс министрі әскери колледждер мен мектеп ұстаздарын құттықтады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Мұғалімдер күні қарсаңында қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери колледждер мен «Жас ұлан» республикалық мектептерінің мұғалімдерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Қорғаныс министрі кездесуге қатысушыларды Мұғалімдер күнімен құттықтай отырып, еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеуде олардың басты рөл атқаратынын атап өтті. Осы асыл миссияны орындау үшін ұстаздар оқушыларға білгенін үйретіп, рухани азық сыйлайды. 

«Біздің тәрбиеленушілеріміздің мамандыққа деген құлшынысы сіздердің дана сөздеріңізден басталады. Сіздер адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, білім нәрін сеуіп, адамгершілік құндылықтарды сіңіресіздер, оқушыларды еңбекқорлық пен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейсіздер. Кәсіби білімдеріңіздің, тынымсыз еңбектеріңіздің және өз істеріңізге адалдықтарыңыздың арқасында болашақ Отан қорғаушылар қалыптасуда», – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Еңбектерін елеп, жоғары баға бергені үшін педагогтер қорғаныс ведомствосының басшысына алғыстарын білдірді.  

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Астанадағы әскери колледждің ағылшын тілі мұғалімі Ләйлә Құлжабаева да сөз сөйледі. Ол министрлік басшылығына әскери-патриоттық іс-шараларды өткізуге және оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға жәрдемдескені үшін алғысын білдірді. 

«Колледж ғимараты жөндеуден өтті. Физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өз кезегінде жастарды жауапкершілікке, спортты серік етіп, жігерлі болуға тәрбиелеуге тырысамыз. Ұландарымыз қашанда Отанға қалтқысыз қызмет еткен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген оқу орнында білім алып жүргенін мақтан етеді. Тәрбиеленушілеріміздің арасында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының үш дүркін жеңімпаздары да бар», – деді Ләйлә Бейсенқызы.

Іс-шара соңында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов ерекше көзге түскен мұғалімдерге құттықтау хаттарын, сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.