Ұлттық ұланның басшылық құрамы жаңа ұрыс тактикаларын меңгеріп жатыр
Ұлттық ұланның басшылық құрамы жаңа ұрыс тактикаларымен және қару-жарақ түрлерімен машықтануда, деп хабарлады Elorda.info.
«Майлан» полигонында Ұлттық ұланның әскери бөлім командирлері далалық жаттығуда практика жүзінде өз шеберліктерін шыңдап, мергендіктерін таныты. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді. Атап айтқанда, олар техникалық дайындық, ату тактикасына әзірлік, тактика және жедел машықтану бағыттарында жаттығулар орындап, кешенді сабақтарға қатысты.
Қатысушылар әр пәннен тәжірибелік және теориялық сабақтарға қатысады және түрлі нормативтерді орындайды. Ұлттық ұланның жауынгерлері қызметке жан-жақты дайын болуы керек. Сондықтан да Қарулы Күштермен, Мемлекеттік күзет қызметімен және Полиция департаментімен бірге төтенше жағдайлар кезінде жасалатын арнайы операцияларға дайындықтарды пысықтауға кірістік. Бүгінде бізге жаңа қару-жарақтар келіп жатыр. Қазақстанда шығарылатын «Барыс 6х6», «Alan 2» секілді өзге де бронды автомабильдер келді. Бұған Түркия елінен алған Cobra II» техникаларын қосыңыз. Сондай-ақ өзіміздің Қарулы Күштерден алған артиллериялық-зениттік зеңбіреткерді де жиынға қатысушыларға көрсетіп жатырмыз, - деді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.
Қатысушылар алдымен жаңа үлгідегі брондалған доңғалақты машиналардың жауынгерлік және техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Ату жаттығулары барысында әскери бөлім командирлері калибрі 57 миллиметрлік автоматты зениттік зеңбірек пен 23 миллиметрлік калибрлі зениттік қондырғыдан оқ атты. Бұдан бөлек арнайы ғимарат ішінде тактикалық әрекеттерді пысықтады. Жауынгерлік машиналардың бортынан нысаналарға оқ атып, граната лақтырды. Сонымен қатар әскери қызметшілерге ұрыс аймағында қызмет атқаратын барлау және іздеу тобының түнеу барысын ұйымдастыру бойынша көрнекі сабақ өткізілді.
Заман алға жылжыған сайын әскери қару-жарақтар да дамып келеді. Сондықтан да әскери бөлім командирлері жаңа ұрыс тактикалары мен қару түрлерін меңгеріп жатырмыз. Кейін бұл үйренгендерімізді өзімізге бағынысты жеке құрамға үйретеміз. Бұдан бөлек, бүгін өз шеберлігімізді шыңдадық. «Утёс» аталып кеткен қарудан, 30 миллиметрлік бронетранспортёр зеңбірегінен және Sako, BAR секілді мергендер қаруынан оқ аттық, - деді 5512 әскери бөлімінің комнадирі подполковник Арман Пернеқұлов.
Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жиын 17 шілдеге дейін жалғасады. Сондай-ақ офицерлер оқу-жаттығуларын «Қаптағай» полигонында жалғастырады.